Ежелгі өнер - қыштан бұйым жасау ісін, оқушылар да меңгереді. Павлодардағы мектептердің бірінде арнайы үйірме ашылды. Жеткіншектердің алды қазір, қыш құмыраны, саз-балшықтан илеп, жасап жатыр. Шеберлер де бұл өнердің бірі білсе, бірі біле бермес, қыр-сырларымен бөлісуде. Айдар Әбдікәрімов кезінде облыс орталығында болған қыш цехында еңбек еткен. Бүгінде оның шеберлік сабақтарына 20 шақты шәкірт жазылып үлгерген.
Айдар Әбдікәрімов, қыш шебері:
– Қыш өнеріне балалар да, ересектер де қызығушылық танытады. Сондықтан бұл бағытты дамыту керек.
София Сафарова, оқушы:
– Қыш ыдыстардың жасалу әдістері қызықтырды. Үйірмеге келген соң біртіндеп үйрене бастадым. Енді күрделі бұйымдарды да құямыз.
Психологтардың пікірінше, балшық терапиясының пайдасы орасан зор. Қыш бұйымдарды құюмен айналысу балалардың ұсақ моторикасын дамытуға, сенімділікті арттыруға және шыдамдылыққа тәрбиелеуге көмектеседі. Жақында мектеп ұжымы жас қыш шеберлерінің туындыларын жинап, көрме ұйымдастыруды жоспарлар отыр.
Оразбек Бахатхан, М. Әлімбаев атындағы орта мектеп директорының орынбасары:
– Мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдаланумыз керек. Ол үшін мектебімізде бос уақытын қамту үйірмелері ашылған. Ерекшелік кіргізгіміз келді және оқушыларға психологиялық жақсы әсер беретін үйірмелер ашқымыз келді. Сол мақсатта қыш құмыра үйірмесін қолға алдық.
Мектеп басшылығының айтуынша, бұл бастама әріптестердің көңілінен шығып алды, өзге де мектептерде қыш үйірмелерін ашуды жоспарлап отыр.