Парламент депутаттары каникулға кетті

Бүгін қос палатаның бірлескен отырысында 8-сайланған Парламенттің бірінші сессиясы ресми түрде жабылып, жұмысын қорытындылады. Халық қалаулылары өткен 100 күннің ішінде ел қамы үшін қандай игі шаралар тындырып үлгерді? Бұл жөнінде Мәжіліс төрағасы баяндап, алдағы жұмыс барысымен бөлісті. Парламенттің қарауына түскен 82 заң жобасының, 25-і қабылданды, 13-не Президент қол қойды. Жаңарған құрам Заңсыз алынған активтерді қайтару, сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен Семей ядролық полигоны туралы құжаттардың заңды күшіне енуін құп көрген.    

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Біз Ұлттық қордан балаларға бөлінетін төлемдер мәселесі жөніндегі заң жобасымен жұмысты жалғастыратын боламыз. Бұл – Президенттің ауқымды реформалары аясындағы негізгі бастамасының бірі.  Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Салық пен Бюджет, Су мен Қала құрылысы кодекстерімен, Мемлекеттік сатып алу, Ғылым және технологиялық саясат туралы заң жобаларымен жұмыс істеу міндеті алдымызда тұр.

Өткен сессияда парламентарийлер әлеуметтік әділдік іздеп келген мыңға тарта азаматты қабылдап, 7 мыңға жуық хатпен танысты. Атқарушы билікке 300-ден астам депутаттық сауал жолдады. Дені сайлауалды берген уәдені орындау қамы. Осы жолы да демалысқа берілген уақыттың бір бөлігін сенім артқан халықпен жүздесіп, мұң-мұқтажын білуге арнаймыз дейді, депуттаттар.

Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тіпті бір-екі рет болды депутаттық сауалды кезек ретінде тұрып қалған. Кей кездері 40 депуттаттық сауалға дейін жиналып қалатын уақыттар болды. Алғашқы онкүндікте өзіміздің Астанада халықпен кездесу жоспарда  бар. Халықпен кездесу дегенде өзімде онсызда халықтың ортасында жүрмін ғой.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір бізде сайлаушылармен кездесулер басталады.  Ең алдымен сол кездесулерді өткіземіз. Бірнеше елді-мекенге, өңірге бару жоспарланған. Бұл бірінші кезете, одан кейін мүмкін уақыт болса, әрине отбасымен бірге уақыт өткізу. Сндай-ақ жаңа сессияға дайындаламыз. Қоржынымызда бірнеше заң жобаларымыз бар. 

Бұл Парламент тарихындағы ең көп партиялы, әрі ең жас шақырылым екенін айта кеткен жөн. Құрамы алғаш рет бірмандатты округтен сайланып, саяси бәйгеде озып шыққан депутаттармен толықты. Мәжіліс құзіреті кеңейді.