«Пандемия аяқталған жоқ, босаңсуға әлі ерте», – дейді еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі. Бір күн бұрын республика өңірлерінде індетті жұқтырудың 61 жаңа жағдайы анықталған. Сондай-ақ антирейтингте бұрынғыша еліміздің екі басты мегаполисі көш бастап тұр: Алматыда 41, Нұр-Сұлтанда 13 науқас тіркелді. Осыған байланысты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті вакцинация және ревакцинация алу, профилактикалық санитарлық нормаларды сақтау қажеттігін еске салады.
Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:
– Пандемия аяқталған жоқ. Біздің арнайы формула бойынша елдегі эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақты. Екі аптадан бері науқастар санының артқанын байқадық. Өсім өте жоғары. Мамыр айында күніне ең көп дегенде 5 адам вирусты жұқтырса, өткен тәулікте 61 адам тіркелді. Егер бір өңірде күніне жүзден астам адам тіркеліп, сол өңір қызыл аймаққа түссе, онда алаңдауға негіз бар.