БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб пәтерінде Семей полигонының жабылуына арналған көрме ашылды. Оған адамзат баласының ядролық сынақтардан тартқан азабы бейнеленген фотожұмыстар қойылды. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың полигонды жабу жөніндегі 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығының көшірмесі келушілер назарына ұсынылды. Шараға қатысушылар Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы өзге мемлекеттерге үлгі болатынын тағы бір мәрте атап өтті.
Мелисса Флеминг, БҰҰ Бас хатшысының жаһандық коммуникациялар жөніндегі орынбасары:
- Мұндай көрмелердің маңызы зор. Өйткені осындай шаралар арқылы ядролық сынақтың адамзатқа және қоршаған ортаға тигізетін зиянын анық көруге болады. Қазақстан қарудан бас тарту арқылы өзге елдерге үлгі болып отыр.
Изуми Накамицу, БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану мәселелері жөніндегі орынбасары:
- Көрмеден ерекше әсер алдым. Жалпы Қазақстанның Семей полигонын жабуы – батыл шешім. Әлемдік қауымдастықта бұл бастама туралы көп айтылады. Алдағы уақытта Қазақстанмен бірге ядролық қарусыздандыру жолында тәжірибе алмасып, бірге жұмыс істейміз деп ойлаймын.