Өзбекстанға жеткізілетін ет экспортының көлемі 134 есе өсті

Мәселен, биылғы жылдың 3 айының қорытындысы бойынша өсім 2022 жылмен салыстырғанда шамамен 20 процент деңгейінде болған. Өз кезегінде аталған өнім түрін Өзбекстанға жеткізу бірден 134 есеге, БАӘ-не 8 есеге өскен. Министрлер кабинетінің отырысында агроөнеркәсіптік кешеннің ең перспективалы бағытының өткен жылғы даму қорытындыларын Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Ербол Қарашөкеев мәлім етті. Оның айтуынша, мал шаруашылығы саласына шетел инвестициясын тарту жалғасуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, көрсеткіш бірден 67 процентке артып, ақшалай көлемде 117,5 миллиард теңгені құрады. Елімізде шетел капиталының қатысуымен барлығы 102 жоба жүзеге асырылды. Инвестициялардың ең көп көлемі тауарлы-сүт фермаларының құрылысына тиесілі, деп қосты министр.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Сондай-ақ жалпы қуаты жылына 41,9 мың тонна құс етін өндіретін ет бағытындағы құс фабрикаларын салу бойынша 7 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға республикалық бюджеттен өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлық сүт фермасын құруға 100 млрд.теңге бөлінді. Бұл елдің импортқа тәуелділігін 39%-дан 11%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар отандық өнімнің үлесін арттыру және мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу географиясын кеңейту мақсатында Қазақстан аусылдан азат ел мәртебесін алуы қажет. Осыған байланысты Үкімет басшысы жыл соңына дейін жағдайды жақсартуды тапсырды. Сондай-ақ Үкімет басшысы ветеринария қызметін қайта қарастыруды тапсырды. Бұл ретте ол озық халықаралық тәжірибені ескеру қажеттігін атап өтті.