Отандық кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін

Халықтың әлеуметтік аз қамтылған осал тобымен жұмыс жасайтын отандық кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер қарастырылуы керек. Мәжілістің кезекті отырысында төменгі палата депутаттары осындай ұсыныс жасады. Тиісті заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Құжатта әлеуметтік кәсіпкерлік саласының қызметкерлерін оқыту мен біліктілігін арттыруға жұмсалатын салықтық шығындарды азайту көзделіп отыр.

Заң жобасында әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың нақты шаралары қарастырылған. Ол инфрақұрылымды қамтамасыз етуді, гранттық қаржыландыруды, несиелер бойынша мөлшерлемелерді субсидиялауды, іскерлік әріптестерді іздеуге жәрдемдесу сынды түрлі бағдарламалар арқылы дамытуды көздейді.

Алғаш рет қызметі қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған бизнестің мәртебесі заң жүзінде айқындалып, оған нақты анықтама берілген. Сондай-ақ құжат аясында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің реестрін құру жоспарлануда.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң жобасына сәйкес, кәсіпкер мәртебесін алу үшін мына шарттардың кем дегенде біреуін орындауы керек: азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін қызметкерлердің жалпы санының кемінде 50% құрайтын сапалы жұмыс орындарын құру; халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тауарларды өндіру, оларды өткізуден түсетін табыс кәсіпорынның жалпы табысының кемінде 50% құрауы тиіс; әлеуметтік қызмет көрсету, денсаулық сақтау, білім беру және тәрбие, мәдениет және спорт салаларында қызмет көрсетуі керек.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов