Астанада сарапшылар Орталық Азия аймағының интеграциясын талқылады. Қазақстанмен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстанның стратегиялық зерттеулер институттарының басшылары жоғары деңгейде және барлық салада жұмыла әрекет етудің маңызына тоқталды. Өңір бестігі ортақ мүддеге ұйып, бірлескен жобаларының шарапатын бірдей көреді. Яғни, көп көтерген жүк жеңілдеп, игі бастамаларға жол ашылады.
Өзгелердің де аймаққа қызыға қарайтыны белгілі. Бүгінде Орталық Азияның Қытай, АҚШ, Ресей мен Еуропалық одақ елдері сынды жаһанның ірі ойыншыларымен ынтымақтастық аясы кеңейіп келеді. Сарапшылар өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін бірлескен әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, арнайы қор құру қажеттігін алға тартып отыр. Шара мақсаты – Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алдағы кездесуіне тәжірибелік және сараптамалық ұсынымдар әзірлеу. Келелі жиын тамыз айында елордада өтеді деп жоспарланған.
Еркін Тұқымов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры:
– Біз осымен 7-рет кездесіп отырмыз. Мұндай жиындар, әдетте, мемлекет басшыларының консультативтік кездесулерінің алдында болады. Бүгінгі күн тәртібіндегі маңызды мәселе – секретариатты құру. Ол біздің интеграциямыздың, әріптестігіміздің жалғасы болады. Бүгінде интеграциясыз маңызды шешімдер қабылдау мүмкін емес. Оның ішінде тек сауда-экономикалық немесе климаттық жағдай туралы ғана емес біздің қауіпсіздігіміздің мәселесі де маңызды. Ол біздің Орталық Азиядағы өзара түсіністігіміз.