Аймақтық кооперация Орталық Азия елдерінің экономикалық дамуының қозғаушы күші болуы мүмкін. Ол үшін Республикалардың құрылымдық және инфрақұрылымдық шектеулерді жоюды көздейтін тығыз ықпалдастық орнату маңызды. Орталық Азия елдерінің бірыңғай тауар өткізу жүйесінде тірек қызметін атқаратын және оны одан әрі кеңейтуге болатын сауда-экономикалық хабтар желісін құру да маңызды. Қазақстан қазірдің өзінде бұл бағытта нақты қадамдар жасап жатыр. Атап айтқанда, қазақ-өзбек шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының, ал қазақ-қырғыз шекарасында Индустриялық сауда-логистикалық кешенінің жобалары жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Тәжікстанмен көтерме сауда-тарату орталығын құру туралы келісім бар, ал Түрікменстанмен астық терминалын салу жоспарланып отыр.