Елордада Абай бейнесінен үлкен пазл жиналды. Ұлы ақынның құрметіне жасалған портрет халықаралық және республикалық байқауларда топ жарған қазақстандық оқушылардың 200 суретінен құрылған. Дәл осы инсталляция өткен жылы Мәскеудегі Чистопрудный желекжолында көрсетілді. Ал бас шаһардағы шарадан соң Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне сыйға тартылады.
Ольга Скальчук, Нұр-Сұлтан қ. Ресей мәдени орталығының мәдени бағдарламалар үйлестірушісі:
- Өткен жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай қандай қызықты шара өткіземіз деп көп ойландық. Осы алаңда Абай Құнанбаевтың бейнесімен үлкен портрет жасау керек деген шешімге тоқталдық. Өкінішке қарай, пандемияның кесірінен бұл ойымызды жүзеге асыра алмадық. Барлық ауқымды шара өтетін жерлер жабылды. Дегенмен біз жоспарлағандай аса ірі болмағанымен, пазлды Мәскеудегі Абай ескерткішінің маңында құрастырдық. Бұл дәстүрді жалғастыру жөнінде былтыр айтылғандай, пазл Абайдың туған отанына оралды.
Биыл да пандемияға байланысты бұл шара жоспарға сәйкес бұқаралық сипат алмады. Ақынның туған күнінде әдеттегідей Нұр-Сұлтан қаласында хәкім ескерткішінің жанында рухына тағзым ету шарасы өтті. Ескерткішке гүл шоқтары қойылып, өлеңдері оқылды. Жиналған қауым Абайдың өнегелі өмір жолы мен тағлымды шығармашылығы барша адамзатқа ортақ мұра екенін айтады.
Алексей Бородавкин, РФ-ның ҚР-дағы елшісі:
- Абай шығармашылығы мен бай мұрасында «қазақтар мен орыстар – бауырлас халықтар» деген ойлар көрініс табады. Ұлы ойшыл осы жылы қарым-қатынас пен достықтың шырағын сақтап, дамыту керек дегенді алға тартқаны белгілі. Бұл ойы бүгінгі күніде маңызы мен өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан да Абай Құнанбайұлының туған күнін тек Қазақстанда ғана емес, Ресей жерінде де лайықты деңгейде аталып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Ресейліктер оның тағылымды шығармашылығын құрмет тұтып, адамзат игілігі үшін қалдырған мұрасын зерттеуге үлкен мән беріп келеді.
Еске сала кетейік, былтыр Үкімет қаулысымен Ұлы ақынның 175 жылдығын атап өту барысында 10 тамыз Абай күні болып бекітілген болатын. Атаулы күні елімізде және шет мемлекеттерде ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған танымдық шаралар ұйымдастырылады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов