Түрлі материалдар мен элементтерден жасалған көркем туындылар. Елордада «коллаж» техникасында жұмыс істейтін белгілі суретші Гүлбарам Асқарованың «Ойлар жинағы» атты көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Шараны ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы «Тәуелсіздіктің мәдени негізі» жобасының аясында ұйымдастырды. Ол Қазақстан мәдениетінің негізін қалыптастыратын отандық бірегей авторлардың шығармаларын көпшілікке таныстыруды көздейді. Көрмеге автордың соңғы 2-3 жылда салған 50-ге жуық картинасы қойылды. «Көз тартар туындылардан көрермен өзіне жақын дүниені, тіпті өздерін көруі де мүмкін», - дейді суретші.
Гүлбарам Асқарова, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:
- Мені көбіне саяхат, оқыған кітаптарым, түрлі әуендер шабыттандырады. Солардан алған әсерімді кейін шығармаларымда бейнелеймін. Картиналарды соңғы 3 жылда салдым. Яғни олардың барлығын жаңа деп айта аламын. Кейбір суреттерді қайта салып шықтым, себебі олардың алғашқы нұсқасы шет елдерде сатылып кетті. Бұл көрме өз көрерменін табады деген сенімдемін. Шара 1 ай көлемінде болады.
Авторы: Ақзер Сегізбай