Елдің дамуы мен гүлденуі отансүйгіш жастардың қолында. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай елордада өткен «Біз – ел патриотымыз» атты халықаралық жастар форумының қатысушылары осындай ортақ пікірді ұстанады. Шараға еліміздің белсенді өрендерімен қатар Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Түркия, Францияның жастар ұйымдары өкілдері жиналды. Олар әр азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарау арқылы мемлекеттің өсіп-өркендеуіне үлес қосады деп есептейді.
Сәулет Қалдашов, ҚР Қарулы күштерінің бас әскери медициналық басқармасының офицері, медицина қызметінің подполковнигі:
- Өзіне берілген кішкене ғана аймақта жауапкершілікті алып, соны жақсы атқарып, жауапты болатын болса ол өзінің белгілі үлесін қосты деп ойлаймын. Міне сондықтан осындай еліміздің гүлденуіне, көркеюіне, оның мәңгілік болуына осы жастар ғана себепкер болады. Сондықтан барлық күш жігерді осы жастарды тәрбиелеуге, оларды отансүйгіштікке жеткізуге, сондай дәрежеде болуына біз барлығымыз атсалысуымыз керек.
Бұл оймен жас инженер, Илон Маск турнирінің финалисі Санжар Тайжан да келіседі.
Санжар Тайжан, инженер:
- Менің ойымша, қазіргі таңда әрбір қазақстандық өзінше елге үлесін қосуда. Ал мен техника саласының маманы ретінде елімізде қызықты жобаларды көрсетуге және жасауға тырысамын. Ол жобалар болашақта халқымызға жақсы әрі оңай өмір сүруге мүмкіндік берсе екен деймін. Меніңше әркім өз ісімен айналыса отырып, оны әрқашан халқымыздың игілігі үшін жасауы керек.
Бүгінде Қазақстанда жастарды қолдаудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асырылуда. Республикада 547 жастар ұйымы белсенді түрде жұмыс істейді.
Авторы: Ақзер Сегізбай