Елордада бүгінде эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов хабарлады. Оның айтуынша, 14 наурыздан бастап ауру жұқтыру 24% өскен. Егер ақпан айында тәулік ішінде орта есеппен 100 жағдай тіркелсе, 25 наурызға сәйкес бұл көрсеткіш 230-ға дейін жетіп отыр. Басқарма басшысының сөзіне сәйкес, індетпен ауырғандардың саны Наурыз мейрамынан кейін көбейген. Бұл халықтың санитарлық нормаларды сақтамау, адам көп шоғырланған орындарға бару, карантин режимін бұзуына байланысты.
Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыз болуына орай, елорданың барлық медицина қызметкері қайтадан екі есе жүктемемен жұмыс істеуде. Бүгінде инфекциямен күреске 3 700-ден астам медицина қызметкері тартылып отыр. Дәрігер коронавируспен күресу үшін 11 стационар, оның ішінде 10 инфекциялық, бір карантиндік стационар дайындалғанын атап өтті. Сонымен қатар қосымша үш ұйымның базасында алдын ала тексерістен өткен 300 инфекциялық төсек-орын ашылады.
Айта кетейік, сәуір айының ортасынан бастап халықты жаппай вакциналау басталады. Айына 100 мың адамға екпе егу жоспарланған.