«Болашақтың бағдары – тұрақтылық!». Нұр-Сұлтан қаласында осындай ұранмен «Ecojer» бірінші халықаралық конгрессі өтті.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған шараға Қазақстан және Еуроодақтың мемлекеттік органдарының өкілдері, жергілікті өнеркәсіп ошақтарының басшылары және эко-белсенділер атсалысты. Мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, тұрақты даму, «жасыл» инвестициялар үлесін арттыру, экологиялық мәдениетке қатысты қоғамның сауатын арттыру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіру және тәжірибе алмасу. Табиғат сақшылары тырнақ алды эко жобалардың саланың дамуы мен инфроқұрылымды жақсартудағы әсерімен де бөлісті.
Ләззат Рамазанова, «Ecojer» қауымдастығы кеңесінің төрайымы, қр парламенті мәжілісінің депутаты:
- Біз бүгін еуропалық одақпен бірлесіп алғашқы экологиялық конгрессті өткізіп жатырмыз. Осы төңіректегі жаһандық интеграция үрдістері Қазақстанды айналып өтпейді. Біз өзіміздің күн тәртібіндегі мәселелерді әлемдік осы күнгі шаралармен сәйкестендіріп, экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бағытында Қазақстанның дамуын саралаймыз. Конгресс алаңында осыған қатысты көптеген тақырыптар көтеріліп, талқыға салынады. Бірінші кезекте әрине өндірістерді тың экологиялық жобаларға қатыстыру, климаттық өзгерістерге қатысты экологиялық дипломатия мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағы қарастырылады.
Халықаралық конгресстің қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Онда Париж келісімі бойынша Қазақстанның мінтеттемелеріне қол жеткізуге қатысты қатысушылардың ұсыныстары енді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов