Қазақстан Президенті жыл басында берген сұхбатында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыт-бағдарын айқындады. Астанада Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Ғылыми кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысқан Мемлекеттік кеңесші осылай деп мәлімдеді. Ерлан Қарин аталған институт еліміздің басты зияткерлік орталығы ретінде шетелдің сараптамалық құрылымдармен халықаралық деңгейдегі серіктестік байланыс орнату ісінде ерекше рөл атқаратынын жеткізді. Оның сарапшылары мемлекеттік ішкі және сыртқы саясаттың негізгі мақсат-міндеттерін сарапшылар қауымдастығына ғана емес, барша жұртшылыққа түсіндіруге де ерекше атсалысып жүр. Ерлан Қаринның айтуынша, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясатты сараптамалық-талдамалық тұрғыдан сүйемелдеу ісінде ғылыми институттың маңызы зор. Айтуынша, отандық құрылым аймақтарды дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеу, экономикалық реформаларды одан әрі ілгерілету, геосаясаттың жаһандық үрдістерін талдау және басқа да өзекті әрі сұранысқа ие бағыттар бойынша сүбелі үлес қосып келеді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

