Еліміздің мыңнан астам білім беру нысанында дабыл түймелері орнатылып, 700-ден астам оқу мекемесі тәулік бойы лицензияланған күзет қызметіне ауыстырылды. Сонымен қатар елдегі 1,5 мыңнан астам қалалық және аудандық мектеп Ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосылды. Бұл туралы еліміздің БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Тимур Қастуғанов мәлім етті. Оның айтуынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің және оған жауапты ведомстволардың негізгі міндеті. Бұл орайда мұғалімдер мен оқушылар төтенше жағдайлар немесе басқа қауіп-қатер туындаған кезде қалай әрекет ету керектігін білуі үшін арнайы алгоритм әзірленуде. Бұл – барлық білім ордасына қойылатын ортақ талаптар тізімі. Ол келесі жылы ұсынылады деп жоспарлануда.
Тимур Қастуғанов, ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы:
- Қазіргі уақытта заң шығару қызметі шеңберінде мүдделі органдармен бірлесіп пысықталуда. Бұл арнайы әрекеттер алгоритмін құруға ең алдымен Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және тәжірибелі мамандар тұрғысынан ұсыныс беретін мұғалімдер мен сарапшылар қатысады.