«Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей арасындағы ынтымақтастық аясы кеңейеді. Парламент Мәжілісінің депутаттары тараптардың «Союз-2» зымыранын ұшыру тәртібін реттейтін заңды мақұлдады. Енді ұшулар жылына үш ретке дейін жетеді, ал ракета бөліктері Қостанай облысының Жангелді ауданына құлайды деп келісілген. Ол үшін жергілікті әкімдіктің есепшотына 460 мың АҚШ доллар өтемақы түседі. Бұдан бөлек, әр зымыран үшін қосымша 50 мың доллар төленеді деп көзделген.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі:
- Құлау ауданы жылына небәрі бірнеше рет сервитут шартымен қолданылып отыратын болады. 3-6 тәулікті құрайтын бұл кезеңде адамдар мен үй малының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құлау ауданына кіру жабық болады. Қалған уақытта құлау ауданында жүруге және оны жайылым ретінде пайдалануға шектеу қойылмайды. Адамдардың құлау ауданынан тысқары жерлерде тұруы қауіпсіз болып табылады.
Бағдат Мусин келісімде қоршаған ортаны қорғау ұйымдарының талаптары барынша ескерілгенін айтады. Мәселен, киіктердің төлдеу және құстардың ұя салу кезеңінде зымыран бөліктерінің құлау ауданын пайдалану шектеледі. Яғни, сәуір-маусым айларында ұшыру тоқтатылады. Сондай-ақ оларды ұшыру үшін керосин мен оттегінің қосындысынан әзірленетін табиғи таза қауіпсіз отын қолданылатынын болады. Экологиялық жағдайға мониторинг жүргізуге отандық мамандар тартылады.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі:
- Тасымалдағыш зымыранды әрбір ұшырған сайын жақын маңдағы елді мекендердің тіршілік ортасына гигиеналық баға беру жұмыстары жүргізіліп отырады. Қоршаған орта нысандарының сынамалары алынып, тұрғындардың денсаулық күйіне скрининг жүргізіледі. Сонымен қатар, құлау ауданын пайдалану кезінде жануарлар мен өсімдіктер әлеміне жыл сайын мониторинг жүргізу көзделуде.
Келісім бүкіл әлемді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық жоба аясында жүзеге асырылатын болады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов