Қазақстанда коронавирусқа қарсы отандық вакцина өндіруге арналған екінші өндірістік алаң дайындалды. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Алматы облысындағы «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорынның жұмысымен танысты. Ведомствоаралық комиссияның мәліметінше, биылғы жылдың қыркүйегінде мұнда қуаты айына 1 млн дозаға жететін «QazVac» вакциналарының 300 мың валидациялық сериясы шығарылды. «Халықаралық сапа стандарттары кәсіпорынға өндірістің барлық учаскелерінде жоғары техникалық деңгейге, сапа мен сенімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді», - делінген ҚР Премьер-Министрі сайтындағы мәліметте. Жаңа өндіріс Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген елдің биоқауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылды.