Құбылай ханның Жапон аралдарына жасаған жорықтарын «Дешті-Қыпшақтан» шыққан қолбасшылар бастап барғанына қандай деректер айғақ? Қыпшақ текті Тутуқ хан Моңғол империясында қандай мәртебелі лауазымды атқарған? Арғы бабаларымыздың теңдессіз технологиялық жетістіктерін жапон ғалымдары қалай бағалайды?
Тынық мұхиты аралдарында орналасқан Жапония XIII ғасырға дейін, шет елдермен шекіспей, өз ішінде ғана қым-қуыт өмір кешіпті. Ен сахаралы Еуразия кеңістігінен тысқары жатқан соң ба, әйтеуір «жар астынан жау келеді» деп те қауіптенбеген.
Дегенмен, XIII ғасырда ол сенімге селкеу түседі. Шыңғысханның 4-ші ұлы Төледен туатын – Құбылай хан құрыш қалқанды армиясын құрлықтан асырып, архипелагқа аттандырыпты. Міне, сол темір құрсаулы тегеурінді жауынгерлерге қолбасшылық қылғандардың арасында, қазақтың арғы аталары да болған екен. Соған айғақ етерлік ақпараттарды іздеп, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Фукуока қаласына барды.