Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің бес түрін импорттаудан бас тарта алады. Бұл қатарда ірімшік, құс еті, шұжық өнімдері, балық және қант бар. Бұл туралы Сенатта сала басшысы Айдарбек Сапаров мәлімдеді. Оның үстіне, қазір еліміз агроөнімдердің барлық негізгі түрлері бойынша өзін толықтай қамтамасыз етеді. Бұған отандық өндірістің қарқын алуы сеп болған. Жалпы, Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ден қойып келеді. Министрлік осы мәселені инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың есебінен шешуге ниетті. Бұл ретте 2027 жылға дейін 2 трлн 300 млрд теңгенің 780 өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде жалпы құны 855 млрд теңге болатын 170 жоба импортқа тәуелді тауарларды алмастыруға бағдарланған. Еліміздегі бұндай бастамаларға қытайлық инвесторлар үлкен қызығушылық танытуда. Аспан асты елі капиталының есебінен жаңа қант зауытын салу көзделіп отыр. Қолданыстағы 4 кәсіпорын өнімді қайта өңдеу үшін жеткіліксіз. Дегенмен инновациялық технологияларды қаржыландыру және қолданудың арқасында биыл қант өндірісінің көлемі рекордтық көрсеткішке жетті.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл
шаруашылығы министрі:
- Биыл жиналған
қызылшаның көлемі 2 есеге көп. Яғни, 1 млн 200 мың тонна алдық. Бұл оң үрдіс агротехнологияларды сақтау, тыңайтқыштарды
енгізуге бөлінген қаржыландырудың арқасында деп білеміз. Көптеген шаруалар
тамшылап суару әдісіне көшіп, бүгінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді.
Жеңіс Ермұқанов

