Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан не тамаша күндер кешкен.
Ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың бұл жыр жолдарындағы «Тұран» ұғымы – түгіл Түркіні ұйыстаратын ұран. Өйткені оның географиялық ауқымы алып. Балқаннан Тынық мұхитына, Орал тауынан Таяу Шығысқа дейінгі ұланғайыр Ұлы дала. Ал енді осы тұрғыдан ой тоқтатқанда Түркістанның облыс ретінде орнығу тарихи қадам болып танылады. Бір жағынан, жадыны жаңғырту, екіншіден, түбі бір Түркі елдерін жақындастыру. Осындай айрықша миссияны атқаратын мекенге «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы ат басын байлады.
Түркістан дегенде, ең алдымен еске түсетіні – Қожа Ахмет Ясауи. XII ғасырда өмір сүрген ғұлама ойшылдың кесенесі осы күнге дейін қалай сақталды? Сауранда әлемдегі алғашқы университет болғанын қандай деректер растайды? Шыңғысхан әскерінің шапқыншылығынан соң 5 ғасырдай өмір сүрген Отырар қаласының түпкілікті жойылуына не себеп болды?