Коронавирусқа қарсы вакциналар: олардың айырмашылықтары қандай?

Қазақстандықтарға қытайлық Sinopharm вакцинасы қолжетімді болады. Осы айда бұл препараттың 1 млн дозасын жеткізу жоспарланған. Бұған қоса, Денсаулық сақтау министрлігі  Pfizer екпесін сатып алу бойынша келіссөздер  жүргізіп жатыр.

Еске салайық, қазіргі таңда қатерлі дертке қарсы иммундау науқанына қатысуға ниет танытқан отандастарымыз екі вакцинаның біреуін таңдай алады. Бұл: ресейлік «Спутник V» мен қазақстандық QazVac.

Ержан Оспанов,  «СҚ-Фармация» жшс басқарушы директоры:

- «Спутник V»-дің 10,2 млн дозасы. Оны ай сайын тасымалдап тұрамыз. Бірінші компоненттің 5 млн және екінші компоненттің 4,5 млн данасы жеткізіліп қойылды. Бірінші және екінші компоненттерді жеткізу арасы 15-20 күнді құрайды. QazVac-тің екі компонентінің 3 млн дозасы сатып алынды. Қазір 274 мың дозасы жеткізілді.

Еске салайық, бүгінгі таңда Қазақстанда 5 млн 600 мыңнан астам адам вакцина алып үлгерген. Оның 4 млн-нан астамы иммундаудың екі бірдей кезеңінен өткен. 

Жаппай иммундау науқанындағы екпелерге қатысты қазақстандықтардың таңдауы әрқилы. Біреулері отандық вакцинаға сенім артса, басқалары «тек ресейлік препаратты салдырамыз» дейді. Ал өзгелері болса, «қолдағыдан бас тартып, Pfizer немесе AstraZeneca сынды еуропалық вакциналардың келуін күтеміз» деген ойда отыр.

Александр Гуляев, ҚР ДСМ Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы:

- Барлық вакцина бірдей зерттеу жолынан өтті. Олардың барлығында да репрадуктивті функцияларға, ми, жүрек, өкпе, жыныстық мүшелерге әсері бар екені анықталды. Бұл – ұзақ сараптаудан өтіп, жіті  тексерілген препараттар. Бүгінгі таңда вакциналардың қауіпсіздігін салыстыруға болады. Мәселен, қазақстандық белсенділігі жойылған вирустар, ресейлік вакцинаның негізінде векторлық және Pfizer негізінде ребонуклейндік қышқылды вакцина. Олардың бәрінде қауіпсіздік көрсеткіші бір деңгейде.

Жалпы екпелерге түбегейлі қарсылық білдіріп жатқан антиваксерлер болса түрлі әлеуметтік желілер арқылы вакцина ағзаға қауіп төндіреді дегендей тексерілмеген қисынсыз ақпараттар таратып, халықты үгіттеуін доғарар емес. Дәрігерлер барлық вакцина бірнеше клиникалық зерттеулерден өтіп, ағзаға қауіпсіз екендігі дәлелденгенін тағы бір ескертеді. Олар екпе қатерлі індет жұқтырудан бұрын өлімнен қорғайтынын алға тартады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов.