Қазақстандағы эпидахуал әлі де күрделі. Коронавирус өршіп тұр. Өңірлердің басым бөлігі «қызыл» аймақтан шығар емес. Тек соңғы екі аптада сырқаттанушылық деңгейінің 2,4 есеге өскені байқалады. Қатерлі індетке шалдығып, төсек тартқан науқастар саны да еселеніп барады. Бүгінде инфекциялық төсектер 38%, ал реанимациялық орындар 23% толы. Өткен 7 күннің ішінде індет балалар арасында белең ала бастаған. Қауіпті дертті жұқтырған оқушылар қатары да 1,3 есеге артқан. «Бұл омикрон штамының жылдам таралуымен байланысты», – делінді Үкіметтің кезекті отырысында.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Мектеп оқушылары арасында коронавирус инфекциясының көбейгенін ескеріп, әкімдерге барлық оқу орнында санитариялық-эпидемиологиялық режимнің бұлжытпай сақталуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Сондай-ақ халықты вакциналау және ревакциналау жұмыстарын барынша күшейту қажет.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов