Түркияда Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ескерткіш монеталар шығарылды. Құны 30 лираны құрайтын тиындар дизайны еліміздің бас консулдығымен бірлесіп әзірленген. Мерейтойлық ақшалар 3 мың дана болып айналымға түсті. Күміс монетаның салмағы – 31 г, диаметрі 38 – мм. Монетаның бірінші бетінде Қазақстанның мемлекеттік туы мен «Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы» деп жазылған. Сырт жағында Қазақстанның картасы бейнеленген. Реверстің үстіңгі жағында Орхон-Енисей ескерткіштеріндегідей көне түркі жазуымен «түрік» деген жазу тұр. Монетаны жасаушылар қошқармүйіз оюымызды да ұмытпапты.
Әлім Байел, Қазақстан Республикасының Ыстамбұлдағы бас консулы:
- Қастерлі тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына қатысты ерекше тарихи белгі қалдырғымыз келді. Ұсынысымызды Түркияның Теңге сарайы қуана карсы алды. Мына әзірленіп отырған монета – Түркияның Қазақстан тәуелсіздігіне, мемлекетімізге деген ерекше құрметінің, ілтипатының көрсеткіші. Осы ретте Ыстамбұлда тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралардың жалғаса беретінін айтқым келеді.
Абдуллаһ Ясир Шахин, Түркия Теңге сарайының директоры:
- Османлы уақытында негізі қаланған Теңге сарайы ғасырлар бойы еліміздің ақшасын, куәлігін, паспортын, мемлекеттік медальдар мен бағалы қағаздарын басып шығаратын мекеме болды. Бүгін міне тұңғыш рет Қазақстанға арнап естелік монетасын шығарып отырмыз. Бауырлас ел Қазақстанның тәуелсіздігін атап өту – біз үшін де үлкен мәртебе. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!