Қазақстан – рухани азық берер мәдени нысандары мен киелі жерлері, тарихи ескерткіштері мол және табиғаты әсем мекендердің бірі. Ел халқы о бастан қонақ күтуден де алдына жан салмайтыны баршаға аян. Осының бәрі сырт елдік саяхаттшыларды баулитыны анық.
Елімізге сыл сайын миллиондаған туристер ағылады. Ел Үкіметі де саланың дамуына басымдық береді. Оны дамыту үшін 2019-2025 жылдарға арналған бағдарлама құрылды. Құжат 10 туристік бағытты жетілдіруді көздейді. Олардың қатарында Нұр-Сұлтан қаласы мен қасиетті Түркістан өлкесі, Маңғыстау өңірі, Алматының таулы бөктерлері, Бурабай, Имантау-Шалқар, Баянауыл курорттық аймақтары мен Байқоңыр ғарыш кешені және Алакөл мен Балқаш көлдері бар.
ТАЛҒАТ АМАНБАЕВ, «KAZAKH TOURISM» ҰК БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
- Біз бұл демалыс орындары бойынша бизнеспен, жергілікті әкімдіктер, нарық қатысушыларымен ақылдастық. Алдымен ТОП 500, кейін 100, одан соң 50, 25 ке дейін барып, қазір үздік ондығын іріктеп қойдық. Оларды әлеуетіне қарап таңдадық. Бұл тізімге енген әрбір орын жылына миллионнан астам туристі қабылдай алады. Сондықтан осы көрсеткішке жетуге ұмтылу керек. Мемлекеттік бағдарлама аясында кешенді шаралар құрылды. Сондықтан осы құтты мекендерді дамытуға басымдық беретін боламыз.
Мамандардың айтуынша, қатаң саралаудың арқасында сұрыпталған осы аймақтар еліміздің туристік саласының негізін қалап тұр. Әрбірі өзіне тән бірегейлігімен ерекшеленеді. Жеке даму бағыттары бар және қайталанбас қызмет түрлерін ұсынады. «Жақсыны көрмеккке» демекші оларды өзгеге танытып, кеңге насихаттауда блогерлер мен журналистердің алар орны ерекше.
ТАЛҒАТ АМАНБАЕВ, «KAZAKH TOURISM» ҰК БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
- Шынымен де саланы насихаттау үшін жыл сайын ақпараттық турлар ұйымдастырып тұрамыз. Биыл COVID-19 індетіне байланысты шаралардың дені кейінге шегерілді. Бүгінде Алматы өңірі мен Ақмола облыстарында ұйымдастырып үлгердік. Енді осындай тиімділігі аса жоғары ақпараттық турларды Түркістан мен Шығыс Қазақстан аймағында өткізуді жоспарлап отырмыз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов