Қазақстанда қызмет көрсету саласының қызметкерлері 15 шілдеге дейін вакцина салдыруға міндеттелді. Екпе алмағандар жұмысқа жіберілмейді. Бұл туралы елдің бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысында айтылды. Осылайша, тізімге сауда және ойын-сауық орталықтары, тамақтану орындары, театрлар мен кинотеатрлар, дәріханалар, халыққа қызмет көрсету орталықтары, екінші деңгейлі банктер және басқа да көптеген компания мен кәсіпорындар енді.
«Егер қызметкер вакцина қабылдамаған болса, онда ол 7 күн сайын ПТР-тестілеуден өтуге міндетті болады. Тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдар екпе алудан босатылады», – делінген хабарламада.
Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты карантин режимі бас қалада үшінші рет күшейтіліп отыр. Мониторингтік топтар карантиндік шаралардың сақталуын бақылау мақсатында тәуліктік режимге ауыстырылды.
Нұр-Сұлтан қаласы бас санитар дәрігері Сарқыт Бейсенованың қаулысы 2 шілдеден бастап күшіне енеді. Оған сәйкес елорда күніне орай бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Ал 4-ші шілдеден бастап тамақтану мекемелерінің жұмыс уақыты қысқартылып, қоғамдық көліктердің қозғалысы тоқтатылады.