Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше елдермен тауар айналымы былтыр 82 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткіш 5% өскен. Осы ретте айта кетерлік жайт, бірлестікке қатысушы елдер бір жыл ішінде Қазақстан экономикасына бір жарым млрд доллардан астам қаржы салған. Бизнес құрылымдары мен іскерлік топтар ынтымақтастық аясын арттырып келеді. Әріптестік экономиканың басты секторларын толық қамтиды. Бұл – агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау, логистика, медицина, білім беру, IT, туризм және басқа да салалар. Сауда қатынастары кеңейіп келеді, экспорт көлемі ұлғаюда, бірлескен кәсіпкерлік дамуда. Өзара іс-қимыл нәтижелері Астанада өткен аталған бірлестіктің Іскерлік кеңесінің жетінші пленарлық сессиясында сараланды.
Райымбек
Баталов, ҰКП президиумының төрағасы:
- Қазақстан аумағында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше елдер капиталының қатысуымен 36 мыңнан астам компания тіркелген. 2023 жылы бірлестік елдерінен Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 1,6 млрд долларды құрады.
Өзара сауда-экономикалық байланыстардың қарқын алуына бизнес-үрдістерге цифрлық технологияларды енгізу ықпал етеді. Бұл ретте еліміздің өзгелермен бөлісері бар. Қазақстан биыл Оңтүстік Корея сияқты әлемдік рейтинг көшбасшысымен қатар ОСИ онлайн-қызметтерінің индексі бойынша 10-шы орынға ие болды. Сондай-ақ республика БҰҰ-ның жаһандық рейтингінде 193 елдің арасында 24 қатарға жайғасты. Ал теңізге шығатын жолы жоқ дамушы мемлекеттер арасында бірінші орында тұр.