Халықты вакциналаумен қамтуды барынша кеңейту қажет. Қазақстанның Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет алдына осындай тапсырма жүктеді. Оның айтуынша, елде пандемиямен жағдай бақылауда болғанымен ахуал әлі де күрделі.
Бүгінде 8 өңір «қызыл» аймаққа енген. Қатерлі індет Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында өршіп барады.
Коронавирустың репродуктивтілік индексі – 1 065. Ауруханалардағы орындардың жүктелуі – 41%, реанимациялық бөлімдердегі орындар 27% құрап отыр. Сондай-ақ Үкімет басшысы маңызды науқанда екпемен қамтылуы төмен өңірлерде жұмыстың қарқынын еселеуді жүктеді. Ай сайын 2 млн адамды вакцинамен қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды нақты орындау керектігін баса айтты.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бүгінде өңірлерде 188 мың доза вакцина бар. Препаратты жеткізу кестеге сәйкес, кезең-кезеңмен жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Вакциналаумен қамтудың қарқыны артып келеді. Тәулігіне 70 мыңнан астам вакцина жеткізіледі. Ай соңына дейін 2 млн азаматты иммундау көзделіп отыр. Өңірлердегі егу науқанының күнделікті жоспарының орындалуына мониторинг жүргізіліп отырады. Үш өңір, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласының, Маңғыстау мен Қарағанды облыстарының кестеден қалуы байқалады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов