Қазақстандық жасанды интеллект бүкіл түркі әлеміне енгізіледі. Оны әзірлеумен Назарбаев Университеті және басқа да ғылыми-практикалық ұйымдар айналысуда. Сенатта Цифрлық даму министрлігі елдегі сандық технологиялардың дамуы туралы баяндады. Жаслан Мәдиевтің айтуынша, тұтастай алғанда, республика барлық негізгі салаларда жасанды интеллектіні белсенді енгізіп, технологиядағы көшбасшыға айналуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта елде арнайы комитет құрылып, 2029 жылға дейін саланы дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Тіпті саланы дамыту үшін жеке құқықтық база құрылды. Келер жылы Ұлттық жасанды интеллект орталығын құру жоспарланып отыр. Министр атап өткендей, онда AI-мектеп, стартап-кампус және зертханалар орналасып, барлық жағдай жасалады.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
– KazLLM деп аталатын мемлекеттік тілде ірі бағдарламаны әзірлейміз. Оны әзірлеу ұлттық мүддені, дербес деректерді қорғауда толығымен тәуелсіз болуды қамтамасыз етеді және ол қазақстандық компаниялардың өз моделі негізінде технологиялық өнімдер жасауы үшін қажет. Бүгінде оны оқыту белсенді жүргізілуде, барлығы 148 млрд-қа жуық токен жиналды. Модель 76 миллиард параметр негізінде құрылады, оны әзірлеу осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Әсел Күшенғалиева