Қазақстандық студенттер обырды емдеудің жаңа әдісін әзірледі

Қазақстандық студенттер сүт безі обырын емдеудің бірегей тәсілін ойлап тапты. Ол әдіс адам ағзасында өмір сүретін бактерияларды пайдалану арқылы  жүзеге асырылады. Жас ғалымдардың айтуынша қатерлі ісікке қарсы арнайы  формуланы әзірлеу оңайға соқпаған. Алайда студентердің осы бағытта бір жыл бойы тынбай жүргізген көптеген зерттеу жұмыстары өз жемісін берді. Инновациялық дәрі «Санагель» деп аталды. Препарат адам ағзасында ауруды жұқтырған жасушаларды жоюға қабілетті.

 

Томирис Құдасова, жобаға қатысушы:

- Жобаның басты құндылығы біз Escherichia coli бактерияларын негізге алдық.  Қарапайым тілмен олар ішек таяқшасы бактериялары.  Біз оларды қатерлі ісікке қарсы пептидті синтездеу үшін генетикалық тұрғыдан түрлендірдік. Бұл сүт безі обырына сезімтал, сау жасушаларға ешқандай әсер етпейді, яғни уытты емес. Осылайша ауру жасушалардың  өзін-өзі жою тетігін енгіздік.

 

Отандық препарат онкология саласында әлемдегі ең үздік жоба деп танылды. Арнайы марапат Францияда өткен iGEM халықаралық синтетикалық биология байқауында табысталды. Қазақстандық қатысушылар 50 астам елдің, соның ішінде Harvard, Oxford және MIT сияқты беделді жоғары оқу орындарының зерттеушілер командаларының алдын орады.

 

Ернұр Кенжеғазин , жобаға қатысушы:

- Біздің университет мұндай жобаны жаһандық деңгейде ұсынған Орталық Азиядағы жалғыз жоғарғы оқу орны. Сүт безі обырын емдеуге қатысты бірегей жоба ұсындық. Бұл болашақ зерттеушілер үшін қатерлі ісікке қарсы күресте іргетас болуы мүмкін. Олар біздің әзірлемені негізге алып, жобаны әрі қарай дамыта алады.

 

Сондай-ақ, қазақстандық студенттер «Үздік жабдық» сыйлығына ие болды. Олар «NanoX» құрылғысын өздері құрастырды. Ол зертханалық ерітінділерді дайындауды автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Ермұқанов Жеңіс

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?