Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласына инвестиция көбірек құйыла бастады. Аталған салаларға бөлінген қаражат 1-ден 1,5 есе өсті. Бұл туралы Finprom.kz аналитикалық порталы хабарлады. Порталдың мәліметінше, қаңтар мен наурыз айлары аралығында бұл салаларға 24,5 млрд теңге құйылған. Ал өткен жылы дәл осы уақытта инвестиция көлемі 16 млрд теңгеден астам қаржыны құрады. Бұл ретте оңтүстік астана 9,9 млрд теңге инвестициямен көш бастап тұр. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 44% артық. Одан кейінгі кезекте – Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы облысы.
Қазақстанда және бүкіл әлемде денсаулық сақтау саласына салынатын инвестициялардың өсуін сарапшылар коронавирус пандемиясымен байланыстырып отыр.
Айта кетейік, биылғы жылдың қыркүйек айына дейін COVID-19 індетіне қарсы вакцинамен 10 млн адамды қамту жоспарланған.
Авторы: Ақзер Сегізбай