Қазақстандық ғалымдар қан қатерлі ісігіне қарсы препарат ойлап тапты. Car t-жасушалық терапиясы дәстүрлі емдеу әдістері көмектеспеген науқастарға жаңа үміт береді. Қолданыстағы уыттылығы жоғары химия терапиясы сау және ауру жасушаларға бірдей әсер ететіні белгілі. Бұл иммундық жүйенің төмендеуіне әкеп соғады. Отандық инновациялық әзірлеме тек ауру жасушаларды нысанаға алады. Орталық Азияда баламасы жоқ емдеу әдісі келер жылдан қатерлі дерттің соңғы сатуларындағы ауыр науқастарға қолданылмақ.
Вячеслав Огай, Ұлттық биотехнология орталығы бас директорының міндетін атқарушы:
- Сar-t жасушалары қолданылатын әдіспен тек қана ауру жасушалар жойылады. Яғни, қатерлі ісікпен әлдеқайда тиімді күреседі. Нәтижесінде жанама әсері аз болады. Сондықтан дәрілік терапиямен салыстырғанда қан қатерлі ісігіне шалдыққан науқас бір айдың ішінде толық емделіп шыға алады деп айта аламыз. Ең жоғары тиімділігі car-t жасушалары егілгеннен кейін екі аптадан соң байқалады.
Бұл Ұлттық биотехнология орталығы қолға алған жобалардың бірі ғана. Жалпы ол бүгінде 230-дан астам патентке ие. Отандық ғалымдардың әзірлемелерін орталық жұмысымен танысқан халықаралық сарапшылар жоғары бағалады. Дүниежүзілік зияткерлік ұйым, Еуразиялық патенттік ұйым өкілдері және Қытай, Морокко, Индонезия, Армения, Әзербайжан мен Тәжікстанның сала мамандары елімізбен биотехнологиялық бағытта ынтымақтастық орнатуға мүдделі.
Григорий Ивлиев, Еуразиялық патенттік ведомства президенті:
- Әсіресе, бізді онкогематология қызықтырды. Себебі бұл мәселеде алға басу - мыңдаған адамға үміт сыйлап, өмірін арашалап қалады. Яғни, қатерлі дерттен толық емдеудің мүмкіндігі туады. Орталықта осындай әлемдік деңгейдегі іргелі зерттеулер біздің тығыз ынтымақтастығымыздың қажеттігін көрсетеді. Біз мұндай жетістікті тек Қазақстанда ғана емес, Еуразия деңгейінде дамытуға мүдделіміз. Бұл бірегей инновациялық тәсілдің әлемдік нарыққа шығуына өз септігімізді тигізе аламыз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

