Адам ағзасынан бөлек сүйек тінін жасап шығаруға болама? Қазақстандық ғалымдар осыған жауап беретін бірегей жобаны бастады. Профессор Дана Ақылбекова жетекшілік еткен Назарбаев университетінің бір топ ғалымы адам сүйегін өсіріп оның 3D моделін басып шығаруға мүмкіндік беретін тың технология жасап шықты. Бар үрдіс швециялық принтердің көмегімен жүзеге асырылады.
Аманжол Тұрлыбекұлы, Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері, phd:
- Маған қойылған мақсат ол осы материалды өңдеу, өндіріп шығару, яғни синтездеу. Біз желатин негізіндегі биосияны синтездейміз. Оған кейін тірі адамның жасушаларын қосып 3D модель басып шығарамыз. Біздің лабораториямызда Қазақстандағы әзіргі күнге жалғыз биопринтеріміз бар. Сол биопринтермен сүйек скафолттарын басып шығарамыз. Одан кейін арнайы жағдайларда осы жасушалар дифференцияланып сүйек тінінің жасушаларына айналады. Және біз оны культивациялап 6-7 аптада сүйек тінінің моделін аламыз.
«Әзірге елімізде баламасы жоқ игі бастама тін инженериясы жалпы биология мен медицинаға тың жаңалық әкелуі мүмкін», – дейді жоба авторлары. Оның қолданылу аясы кең болмақ. Ең бастысы адам ағзасындағы аса күрделі сүйек құрылысын терең зерттеп, оның жылдам бітуіне қатысты фундаменталды зерттеулер жасауға жол ашпақ.
Аманжол Тұрлыбекұлы, Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері, phd:
- Бұл модель бізге негізінен үлкен ақпарат береді. Мысалы, сүйек сынығы қалай бітеледі, қандай процестер жүргізіледі? Және де болашақта сүйек тініне арналған препараттар жасалатын болса, оларды алдымен осындай 3D модельдерінде зерттеу, сынақтау өте арзан болып табылады. Және одан шығатын нәтиже жоғары сенімділікке ие болады.
Болашақта бірегей материал адамдарға қажетті сүйек тінімен қатар имплант жасауға қолданылмақ. Бұл - ауқымды жобаның алғашқы қадамы. Мақсат - өнертабысқа отандық және халықаралық патент алу.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов