Отандық студиялар шетелдік киноларды қазақ және орыс тілдеріне аударуға дайын. Еліміз голливуд фильмдерін өз бетінше дубляждаумен айналысуды көздеп отыр. Танымал америкалық студиялар Ресей нарығынан кеткенімен, қазақ және орыс тіліндегі дубляждарды өзімізде жасауға мүмкіндік берді. Осы бағытты дамыту – голливудпен тікелей жұмыс істеумен қатар, көршілес елдердің нарығына да жол ашпақ.
Айта кетейік, шетелдік ірі киностудиялардың көбі өз туындыларын тікелей Қазақстанға ұсынуға дайын. Қазір кейбір жобаларды актерлікті өз бетімен меңгеріп алған қазақстандық жастар дубляждап жүр.
Санжар Мырзаханұлы, дубляж актёры:
– Мысалы анимені алайық, жапон тілінен аударған кезде актерлар түсінуі керек не туралы сөйлеп жатыр. Екіншісінде қазақша сөйлей алатын адамдар түсінуі керек. Кішкене әдеби тіл қосылмасын деп. Содан кейін соның барлығы тексеру керек. Содан кейін адаптация. Мысалы жапон тілінде, өздеріңіз білесіз әр тілде өздерінің идиомалары болады. Сол идиомаларды кішкене адаптация жасау керек. Мысалы жапон тілінде сакура гүлдеді. Сізге түсініксіз, иә? Қазақшаға аударғанда Наурыз келді. Бірден түсінікті көктем кезеңі келгені.
Қазір Қазақфильм киностудиясы дубляжға жаңа дауыстар іздеуде. Ол үшін мамандар дикциясы таза, ешқандай акценті жоқ адамдарды қарастырып отыр. Ұсыныстар алыс-жақын шет елдерден де келуде.
Әсел Досмұхамед, дубляж актрисасы:
– Өз жерімізде дубляж жасау – бұл жаңа белесті бағындыру дегенді білдіреді. Менің ойымша, қазақстандық актерлар мен актрисалардың дауысын танитын кез келді.