Қазақстандық 12
стартап АҚШ-тағы әйгілі Кремний алқабында оқуды бастады. Олар биыл мамыр айында
Astana Hub пен Draper University арасындағы әріптестіктің арқасында іске
қосылған акселерациялық бағдарламаны жүзеге асыруды бастап кетті. Сол кезде
Америкаға 15 стартап барып үлгерді. Америка төрінде тек Қазақстандық емес,
Түркия, Қырғызстан мен Моңғолияның стартаптары да білім алуда. Бұл жолы да
үміткерлер қатаң іріктеуден өтті. Бастапқыда, АҚШ-та білім алуға 120 стартап
ниет білдірген. Соның тек оннан бір бөлігі ғана іріктеуден сүрінбей өтті. Жалпы оқыту процессі 3 кезеңнен тұрады. Оның
екінші кезеңінде онлайн форматта 80 стартап оқып, солардың арасынан әлемдегі
жаңа технологиялардың басым көпшілігі шоғырланған аймаққа баруға жолдамаға
іріктеу жүргізілді. Енді 5 апта ішінде қазақстандықтар технология саласындағы
үздік тұлғалардан білім алып қана қоймай, тәжірибе жинайды. Ең бастысы, өз
шағын кәсіптерінің ауқымын кеңейтіп, тіпті, инвестиция тартуға мүмкіндік алады.
Шыңғыс Оразбек, Astana Hub
халықаралық қатынастар мен инвестиция кеңсесінің бас менеджері:
- Бұл бағдарлама
толыққанды Қазақстан Республикасы Цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге
асырылуда. Олар өз кезегінде Бүкіләлемдік банкпен тығыз әріптестік орнатты.
Бірінші кезекте, еліміздегі жаңа инновацияларға қолдау көрсеткіміз келеді.
Әріптестіктің арқасында қазір біз үздік стартаперлерді шетелге жіберіп, олардың
дамуына және тәжірибе мен білім жинақтауына ықпал етіп отырмыз. Қазақстандық
жастар түрлі бағыттағы жобалар жасап шығарды. Оның ішінде HR-tekті де, Fin-Tekті
де айта аламыз. Біздің стартаперлер
осыған дейін де инвестиция тартып үлгерді. Соның арқасында қазір табыс тауып
отырған жайы бар.