Үш жүз мың Pfizer және 500 мың QazVac вакцинасы. Қазақстан жыл соңына дейін қоронавирусқа қарсы 800 мың дана екпе сатып алуды жоспарлап отыр.
Қазір еліміздің егу пунктерінде миллионнан астам қытайлық, 85 мың доза отандық және 29 мың америкалық вакцина бар. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, вакцинация және ревакцинация қатерлі індеттен қорғанудың жалғыз әрі ең тиімді әдісі саналады. Дертке шалдыққан науқастардың дені, дәлірек айтқанда 80%-ті мүлдем егілмеген немесе вакцинация уақыты өтіп кеткен. Ажар Ғиният келтірген деректерге сай бүгінде халықтың 56% иммундалған. Дейтұра вирус өршіп барады. Осы айдың соңына қарай тәулігіне төрт мың адамға дейін тіркелуі мүмкін. Алайда, кыркүйекте эпидахуал тұрақтап, инфекция жұқтырғандар қатары азаюы тиіс деп болжануда. Қазіргі таңда төсек-орындар 30% толы. Әзірге Елордада «сары», ал өзге өңірлер жасыл аймақта тұр.
Ажар Гиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– Біз республика жалпы «жасыл» аймақта екенін және халық екі жылдан бері жалғасып келе жатқан пандемияның салдарын жақсы білетінін ескере отырып, егер сіздердің аймақтарыңызда аурудың таралуы өршісе, әрине өз денсаулықтарыңыз үшін адам қарасы көп жерлерде бетперде киіңіздер деп кеңес береміз. Сондай-ақ, біз Денсаулық сақтау министрлігінің атынан инфекциядан қорғайтын барлық алдын алу шараларын сақтауға шақырамыз. Қазір Covid-тің бұл түрі жеңіл әрі тез өтіп жатқанын байқап отырмыз, мысалы науқастардың 94%-і амбулаториялық деңгейде емделуде, ауруханада тек 6 процент қана. Сондықтан біз өз тарапымыздан осындай ұсыныстарды айтудамыз.