Отандық телевидение тарихында есту және сөйлеу қабілеті
бұзылған балалар сүйікті мультфильмдерін алғаш рет сурдоаудармамен көре алады.
Туынды тілін жасанды интеллект негізінде жасалған виртуалды 3D-аватар
жеткізеді. Қазір «Silk Way» телеарнасымен қатар Қазақстан
Президенті Телерадиокешенінің құрылымына кіретін «Jibek Joly» телеарнасында таңертеңгі прайм-тайм
мультфильмдерінің бірі ымдау арқылы көрсетілген. Айта кетейік, аудиторияны
таңдау кездейсоқ емес, біздің елімізде есту қабілеті нашар 5 мыңға жуық бала
бар.
Еркежан Күнтуған, «Jibek
Joly», «Silk Way» телеарнасының басқарушы директоры:
- Негізі заңға
сүйене отырып, ақпараттық бағдарламалар сурдоаудармалар арқылы беріледі. Ал,
мамандардың аздығына байланысты олар тек қана жаңалықтарды аударуға мәжбүр. Басқа
контентті аударуға олардың саны жетіспейді. Жаңалықты көретін аудитория бұл –
үлкендер. Жаңалықтарды кішкентай көрермендеріміз көре бермейді. Сондықтан
акценті осы өнімге қойдық.
Жоба авторлары - қазақстандықтар. Олардың айтуынша,
нейрондық желі әуелі сөйлеуді талдайды. Мәтінге айналдырады. Содан кейін ғана
сурдоаудармамен беріледі. Бұл әсіресе қазақ тілінде мағынаны түсінуге мүмкіндік
береді.
Нұрзада Амангелді, әзірлеуші:
- Мен үшін ең маңызды сарапшы, айтқанымдай - баланың ата-анасы
және онымен айналысатын сурдопедагог. Біз олармен жұмыс істейміз: қалай болу
керек? Айтуларынша, балалардың мысалы, робот секілді сүйікті мультфильм
кейіпкері болуы мүмкін. Бүлдіршіндер ақпаратты жылдам қабылдауы үшін осындай
кейіпкер арқылы жеткізу керек шығар. Әрине қызықты болар еді. Міне, осындай
мақсатта жобаны жасақтап, әрі қарай бейімдеу керек болды.

