Қазақстанда жаңа заманауи емханалар саны артады. Нысандар Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында пайда болады, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі. Орталықтар Joint Commission International халықаралық талаптарын ескере отырып, жаһандық сапа стандарттарына сәйкестендіріледі. Ғылыми-инновациялық көпсалалы клиникалар келесі жылдың басында ашылады. Елімізде жаңа фармацевтикалық кәсіпорындардың құрылысы да жоспарланған. Түрік инвесторлары бұл жобаларды жүзеге асыруға 60 млн долларға жуық қаржы бөлуді көздеп отыр. Жаңа зауыттар клиникалық зерттеулер жүргізуге, антибиотиктер, қабынуға қарсы препараттарды және қатерлі ісік ауруларын емдеуге арналған препараттарды шығаруға мүмкіндік береді. Еске сала кетейік, салалық ведомствода 2026 жылға қарай қазақстандық нарықтағы отандық фармацевтикалық өнімдер мен медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісінің үлесін 50%-ке жеткізуді жоспарлаған.