Ақтауда ұшақ апаты кезінде жолаушыларға алғашқы көмек көрсетіп, құтқару жұмыстарына атсалысқан азаматтар марапатталды. 70 адамға Президент атынан мемлекеттік награда табысталды. Ерекше құрметке отандық өрт сөндірушілер, құтқарушылар, жедел жәрдем қызметкерлері, диспетчерлер, энергетиктер және медицина мамандары бөленді. Маңғыстау өңірінің әкімі оларға ордендер мен медальдар табыс етті. Еске сала кетейік, желтоқсанның 25-і күні Ақтаудан 25 шақырым жерде Әзербайжан әуе компаниясына тиесілі ұшақ құлап, 38 жолаушы қаза тауып, 29 адам құтқарылды.
Серіболат Оңғар, Басқұдық ауылы №12 Өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:
- Өзіміздің міндетімізді орындадық. Алғашқы өртті көргеннен бастап өртті сөндірдік және басқа да адамдарды құтқару жұмыстарын жүргіздік. Оңай емес, жұмыс ауыр болды. Біз енді құтқарушы болғаннан кейін, бәріне төтеп беру керек.
Әзербайжан ұшақ апаты кезінде көмек көрсеткен қазақстандық
құтқарушыларды марапаттады
Әзербайжан елі де Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман
қалған жолаушыларды құтқаруға атсалысқан қазақстандық мамандарды марапаттады.
Еліміздің ТЖМ бір топ қызметкеріне «Ынтымақтастық үшін» төсбелгісі табысталды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

