Қазақстанда туристік кэшбэк төлеудің жаңа механизмі ұсынылды

Қазақстанда туристік кэшбэктің жаңа механизмі ұсынылды. Кэшбэк мөлшері саяхатшының демалған күніне байланысты болады. Мұндай шаралар елімізде ішкі туризмді одан әрі жандандырып, туристерді көптеп тарту мақсатында қолға алынуда.


Нұртас Байларов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі комитеті басқармасының бас сарапшысы:

-Мәселен, 1 түнеген туристке тур құнының 5%-і мөлшерінде өтемақы төлеу ұсынылады. Ал, 2 күн демалып, түнесе тур құнының 10%-ін, 3 күн түнесе 15%-ін қайтарып алады. Ең жоғары - 20% кэшбек 4 және одан артық күн демалғандарға беріледі. Механизм «төмен» маусым кезеңіндегі турларға бағытталған, бұл – бизнесті, халықты және нөмірлік қордың толымдылығын қолдау мақсатында ұсынылып отыр. Туристік кэшбек туроператорлармен қатар маркетплейстерден сатылып алынған турларға да төленеді. Маркетплейстер кэшбэкті өз қаражаты есебінен төлейді. Мемлекет кейін бұл шығынды өтеп береді. Ал, туроператордан оффлайн форматта сатып алған жағдайда мемлекет кэшбекті тікелей туристке қажетті құжаттар мен өтінімді жинақтап жолдаған бетте оның есепшотына жіберетін болады.


Бүгінгі таңда аталған ережелер жобасы әзірленіп, туристік нарық өкілдерімен талқылану үстінде. Механизм аясында жобаға қатысушыларға қойылатын ең төменгі талаптар бар. Ал Туроператорлар үшін ішкі туризм саласындағы туроператорлық қызметке лицензияның болуы міндетті. Сондай-ақ,  маркетплейс турист пен туроператор үшін ыңғайлы отандық өнім болуы тиіс.