АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында қазақ тілі орталығы ашылды. Қазір мұнда 20-дан астам бала тәлім алады. Олардың дені 5-13 жас аралығындағылар. Сондай-ақ ұстаздар балғындарға ана тілін үйретіп қана қоймай, оларды қазақ халқының салт-дәстүрлері, мәдениеті мен өнерімен жақын таныстырады.
Қарлығаш Шыныбаева, филолог:
- 5 жасынан бастап ағылшын мектебіне барғандықтан, кейбір балалар ағылшын тілінде сөйлеп қана қоймай, ойлауы да мүмкін. Сондықтан біз аптасына бір мезгіл қазақтың тілін, мәдениетін ұмытпаса екен деп сабақ өткіземіз. Мен біздің балалармен мақтанамын. Себебі олар қайда жүрсе де қазақша сөйлеп, қазақ екендерін мақтаныш тұтады.
Орталық директорының айтуынша, жоба бірінші кезекте шетелде тұратын қазақтарды біріктіру үшін қолға алынды. Идея әсіресе ата-аналар арасында кең қолдауға ие болды.
Раушан Мұхтар, Калифорниядағы қазақ орталығының директоры:
- Жастар немесе ересек адамдар келіп, осы жердегі қазақтарға тіл үйреткісі келсе, есігіміз ашық. Бұл қазақтардың бір-бірін қолдауы үшін маңызды.
Қазақ тілі орталығының қызметі әрі қарай дами бермек. Алдағы уақытта шәкірттерге арнап өзге бағыттағы үйірмелер ашылу жоспарлануда.