Қазақстанда тегін қызмет көрсететін жеке емханалардың саны артады

Қазақстанда науқастарға тегін қызмет көрсететін жеке медициналық емханалардың саны артады. Бұған дейін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көптеген медициналық ұйымдарға рұқсат етпей келген норманы Денсаулық сақтау министрлігі алып тастады.  Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мәлім етті. Айта кетейік, бұған дейін еліміздің жеке денсаулық сақтау секторының өкілдері кәсіпкерлер палатасына тоқтаусыз шағым түсіріп келген. Шағымдардың басым көпшілігі бюрократия, әкімшілік кедергілерге қатысты болған. Тіпті, республиканың кейбір облыстарындағы емханалар жылдар бойы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының базасында тіркелмеген. Министрлік бекіткен құжат алдағы уақыта жағдайды өзгертуге алып келеді деген сенім зор. Бұйрық қыркүйек айында күшіне енеді.

Гүлназ Ақатаева, ҚР «Атамекен» ҰКП медициналық қызметтер департаменті директорының орынбасары:

– Денсаулық сақтау министрлігі Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде өз көмегін көрсететін медициналық қызмет берушілерді оқыту туралы бұйрыққа өзгерістер енгізді. Бұл олардың өңірлік перспективалық жоспарға қосылу қажеттілігін болдырмайды. Аталған ұсыныс Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы тарапынан ескерілді.