Отандық дәрігерлер бауыр обырын заманауи әдіспен емдеп жүр. Яғни, қатерлі ісікті жою үшін пышақсыз операция жасалады. Бауыр артериясын химио-эмболизациялау тәсілін меңгеру үшін көрші мемлекеттерден дәрігерлер келіп үйреніп жатыр.
Бағдал Сайфолла бір жыл бұрын бауырында ісік барын білгелі дәрігердің бақылауында. Обырдың көлемі ұлғайып кеткендіктен, операцияны бірнеше мәрте жасау туралы шешім қабылданды.
Бағдал Сайфолла, қала тұрғыны:
– Мен осы аурумен ауырғалы бір жыл болды. Бұрын шетелде жасады бұл операцияны. Қазір міне осы ауруханада жасап жатыр. Денсаулығым жақсарып қалды.
Нияз Малаев, онколог дәрігер:
– Бұл онкологиялық ауруларды емдеудің ерекше және ең тиімді әдісі. Мұндай операция Қазақстан азаматтарына тегін жасалады. Тек соны көптеген адам біле бермейді. Қатерлі ісіктің бастапқы сатысын емдеуге де шетел асып жатады. Өзіміздің дәрігерлер әбден маманданып алған. Бүгін міне Өзбекстаннан әріптестеріміз келіп, сабақ алып жатыр.
Қазақстанда жыл сайын 35 мың адам қатерлі ісіктің шырмауына ілінеді екен. Биылғы жарты жылдың өзінде 19 мыңнан астам адамнан обыр дерті анықталған.