Елордадағы жаяу жүргіншілер жолында дыбысты қызыл жолақтар пайда болды. Олар әзірге 7 аумақта орналасқан. Бұлар: халқы тығыз орналасқан аудандар, жеке секторлар мен саябақтар.
Жоба бірінші рет жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта Нұр-Сұлтан әкімдігі осындай тағы 20 жолақ жасап, халық игілігіне ұсынуды жоспарлап отыр. Жергілікті полиция департаменті қызыл түс жүргізушілердің назарын тез аударады және ауа райы нашар күндері көру мүмкіндігі жоғары деп отыр. Әдеттегі ақ жолақтан артықшылығы да осында. Егер идея тиімділігін көрсетсе, жобаны жүзеге асыру астана шеңберінен шығып, аймақтарға да таралмақ.
Махамбет Тулешев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілік полициясының аға инспекторы:
- Бұл жолақтар тек қана дыбыс шығарумен шектелмейді. Сонымен қатар бұл түс қырағылықты жоғарылатып, жаяу жүргінші жолына жүргізушінің назарын жақсы аударады. Осылайша жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол көлік оқиғаларының алдын алу мүмкіндігі жоғарылайды. Сонымен қатар тағы қосымша 20 жолақты іске қосу қарастырылып жатыр. Бұл жөнінде ақтық шешім шығарылған жоқ. Қазір қызыл жолақ қою керек аумақтарды анықтау үстіндеміз.