Елімізде соңғы екі аптада коронавирус инфекциясына шалдығу көрсеткіші 35% төмендегені байқалады. Жалпы бұған дейін 7 күннің ішінде 31 мыңнан астам адам қатерлі індетті жұқтырған болса, қазір бұл сан 25 мыңға дейін азайып отыр. Жағымды мәліметпен Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бөлісті. Оның мәлімдеуінше, бүгінде ДДСҰ-ның бағалауынша, елімізде пандемия қатаң бақылауда. Тек соңғы екі аптада коронавирустың таралу көрсеткіші бойынша республиканың 5 өңірі «қызыл» аймақтан «сарыға» өтті. Атап айтсақ, олар: Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан өңірлері. Бұл жалпы елімізде эпидахуалдың жақсарып келетінін білдіреді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Қазіргі басты міндетіміз – «қызыл» аймақтағы өңірлерде вирус жұқтыру деңгейінің орнықты төмендеуіне қол жеткізу. Ол үшін эпидемиологиялық жағдайды ұдайы бақылауда ұстау қажет. Әсіресе Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Қарағанды, Павлодар, Ақмола облыстарында жұмысты күшейту керек. Жаңа оқу жылының басталғанын ескерсек, білім беру ұйымдарында санитариялық нормалардың сақталуын ерекше бақылауда ұстаңыздар!
Авторы: Жеңіс Ермұқанов