Қазақстанда кітапханашы-педагог жаңа мамандығы пайда болады

Қазақстанның жоғары оқу орындары кітапханашы - педогогтарды даярлайтын болады. Елімізде осы кадрлардың тапшылығына байланысты жаңа мамандық пайда болмақ. Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегіне сәйкес, қазір елде 11 мыңнан астам кітапхана жұмыс істейді. Бұл рухани азық мекендерінде шамамен 6 мыңға тарта кітапханашы жетіспейді. Сондықтан сала мемлекеттің қолдауын қажет етеді. Сұраныс бар. Ендеше, биылғы жылдан жаңа кәсіпті мемлекет есебінен тегін меңгеріп алуға болады. Алдағы оқу жылына бакалавриатқа - 100 магистратураға – 20, докторантураға – 3 грант бөлінді. Мектепке дейінгі білім беру саласы үшін де кадрлар даярлау белсенді жүргізілуде. Елдің 39 ЖОО мен 119 колледжінде осы мамандықты игеруге болады.

Әлімжан Құрмашев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі департаментінің бас сарапшысы:

- «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» бағыты мен мамандығы бойынша 119 колледжде 17 мың адам оқиды.  Оның 9 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алады. Қазіргі таңда академиялық дербестік шеңберінде орта кәсіптік білім беру және мектепке дейінгі ұйымдар бірлесіп «Педагог» кәсіби стандарты негізінде арнайы бағдарламалар әзірлеп жатыр. Олардың ұсыныстары екі кезеңдік сараптамадан өтеді және білім беру бағдарламаларының тізіліміне енеді. Сонымен қатар, біз түлектердің тұрақты жұмысқа орналастыру көрсеткіштерін жақсарту, педагогтердің біліктілігін арттыру, студенттерді жатаханалармен қамту  сынды сапалы оқуға жағдай жасау үшін  педагогикалық колледждерге қойылатын біліктілік талаптарын күшейттік. Өңірлік ерекшеліктерді ескеріп, олар оқу бағдарламалары мен жоспарларын өздері жаңартып отырады.