Қазақстандық дәрігерлер онкологиялық ауруларды емдеудің
жаңа әдісі - тераностиканы қолдана бастады. Бұл ядролық медицинада диагностика
мен емдеуді біріктіретін заманауи дербес тәсіл. Пациентке ісікті анықтауға
мүмкіндік беретін арнайы радиофармпрепарат егіледі. Содан кейін жабдық ісік
тараған ошақтың нақты орналасуын, аурудың таралу дәрежесін анықтайды және бір
мезгілде пациенттің зақымданған жасушаларына әсер етіп, сау тіндерін еш
өзгеріссіз қалдырады. Бірегей емдік кешен Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта
орналасқан және Орталық Азия елдеріндегі осындай жалғыз кешен болып табылады.
Бұған қоса, осы орталықта дәрігерлер әрбір пациентке қажетті нақты ем таңдай
алуы үшін жасанды интеллектті пайдаланылатын бейімделген сәулелік терапия
қолданылады. Онкологиялық орталық күн сайын 20 адамды қабылдайды.
Сания Қайратқызы, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың радиациялық онколог-дәрігері:
- Дәрігер пациенттің анатомиялық дене бітімін ескере
отырып, күн сайын жоспарлы емді үйлестіре алады. Бұл дәлдікті арттырады және
сау органдар мен тіндерге түсетін жүктемені азайтады. Бұл пациентке пайдалы.

