Әлем бойынша маймыл шешегін жұқтырғандар саны 50 мыңнан асты. Аталған вирус 90-нан астам елде тіркелді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, науқастардың жартысынан астамы АҚШ-та анықталған. Бүгінде Еуропа елдерінде ауру ақырындап бәсеңдеп келеді. Халықаралық ұйым өкілдерінің сөзінше, дереу жасалған алдын алу шаралары арқасында маймыл шешегінің кең тарауы тоқтап, вирусты жоюға мүмкіндік туып отыр.
Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:
– Бұл біздің әуелден бері айтып келе жатқан сөзімізді растайды. Алдын алу шаралары дұрыс жүргізілгендіктен ауруды тоқтату мүмкін болып отыр. Американың оңтүстігі мен солтүстігінде инфекцияға шалдықққандар саны көп. Бірақ, кейбір Еуропа мемлекеттерінде, мәселен, Германия мен Нидерландта індеттің таралуы баяулады, бұл жергілікті Денсаулық сақтау органдарының жұмысының оң нәтижесі.