Ол ұлттық өрнектерді бейнелеудің ерекше әдісіне кездейсоқ келген жоқ. Ол кәсіби вирусолог. Бірегей бағытта әуестенуіне себепші болған да осы мамандығы. Био арт мәнеріндегі ерекше туындыларын өзі жұмыс істейтін елордалық зертханалардың бірінде жасайды. Ұжымындағы шығармашылық байқауда өнерін таныстырған соң ерекше еңбектері көптің қызығушылығын тудырған.
Динара Успанова, вирусолог, бактериолог-дәрігер:
- Мен байқауға қатысқан кезде бұрыннан бері ойымда жүрген осы өнерімді жүзеге асыруға бел байладым. Осылайша, бактериялардан қазақтың оюларын өсіре бастадым. Қазақтың ұлттық өрнектері ұмыт болып барады. Сондықтан осындай бірегей әдіс арқылы кенжелеген дәстүрімізді жаңғыртуға кірістім. Мен төл мәдениетіміз бен салт-сананы ұмытпай, әжелеріміз бен аналарымыздың жасаған ерекше өнерін бағалауымыз керек деп санаймын. Себебі қазақтың ою-өрнектерінің әрбірінде терең ой-мағына жатыр, қайсысының болмасын мән-маңызы зор.
Бояуды бактериялар, кенептің орнын зертханалық шыныаяқтар басқан бірегей өнер үшін арнайы орта қажет. Мына «тірі картиналарды» микроағзалардан өсіріп, қажетті пішін жасау ерекше күтімді, ептілік пен кәсіби білімді талап етеді. Мәселен, ішек таяқшалары қызыл немесе қызғылт рең береді. Яғни, ол суретті түрлі-түске бояу үшін қажет. Бір өкініштісі бұндай ерекше туынды ұзақ сақталмайды.
Динара Успанова, вирусолог, бактериолог-дәрігер:
- Мен ою-өрнектерді өсіргеннен кейін ұзақ уақыт ұстамаймын. Бұл ең алдымен қауіпсіздік ережелерімен байланысты. Әр туындымды талаптарға сәйкес залалсыздандырамын. Кейін барлық ережелерге сәйкес жойып жіберемін. Бұл бактериялардың таза колониясымен оқшауланған, олар тек белгілі бір жағдайларда, белгілі бір қоректік ортада өседі, мұның бәрі арнайы әдіспен, микробиологияның стандарттарымен жасалады.
Динараның айтуынша, микробиология – нағыз өнер. Жас ғалым бірегей бағыттың қыр-сырын тануды мақсат тұтады. Шығармашылықты қатар алып жүрген маман жақында ғылым кандидаты атану үшін диссертация қорғауды көздеп отыр. Өз еңбегі арқылы қазақ ғылымын дамытуға үлес қосу - басты мақсаты.