Бұдан-былай елімізде іске қосылған бұл балама тәсіл арқылы кез келген адам eGov және сот кабинетінде құжаттарға қол қоя алады. Ол үшін тек мобильді қосымшаға кіру керек. Бұл ең алдымен қазақстандықтардың электрондық қызметтерді ыңғайлы әрі қауіпсіз пайдаланудың қамы үшін,- дейді цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
Ақмарал Макеева, «Электрондық үкіметтің» сыртқы контур жобалары басқармасының басшысы:
Цифрлық даму министрлігі қазіргі таңда елде сандық үлгідегі қолтаңбаның балама әдісі ретінде - QR-кодтарды енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Ол электрондық қызметтерді алу мен қол қою және түрлі электрондық өтініштерді тапсыру үрдісін жеңілдетуге бағытталған. Ол үшін ең алдымен мобильді қосымшаға кіріп, тіркеліп алу керек. Бұл егов-мобайлды қолданатын жеке тұлғаларға қатысты. Егер заңды тұлға болса, онда бізде егов-бизнес мобайл деген арнайы қосымша жұмыс істейді. Енді, азаматтарға бұрынғыдай электрондық цифрлық қолтаңба алып, оны қандайда бір флэш-карталарда сақтап өзіңмен бірге тасып жүру қажет болмайды. Сондай-ақ NCALayer сынды қосымша орнату талап етілмейді.
Алдағы уақытта елімізде QR-дың бұл мүмкіндігін қолдану аясын кеңейту көзделген. Бұл орайда Отбасы банкі және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен жұмыс жүргізілуде. Кейін цифрлық қолтаңбаны қажет ететін өзге де порталдарда ендірілетін болады.