Қазақстанда экологиялық туризмге қызығушылық артып келеді. Мәселен, былтыр
еліміздің әсем табиғаты аясында саяхаттауды таңдағандар саны 40%-ға артып, шамамен
3 млн адамға жеткен. Бұл туралы салалық министрлік өкілдері айтты. Деректерге сәйкес,
экотуристердің көбі демалыс күндерін Алматы өңірінде өткізуді қалаған. Іле-Алатау
ұлттық паркі, Шарын шатқалы, Алтынемел және Көлсай көлдері үлкен сұранысқа ие. Қазір
елімізде 14 ұлттық саябақ бар. Туристердің жайлы демалысы үшін кемпингтер,
глэмпингтер және өзге де қажет нысандар салынуда. Жақында ғана 8 заманауи сапар-орталығы
пайдалануға берілді. Олар табиғи экожүйе, жабайы жануарлар мекені, арнайы бағыттар
мен қорғалатын аумақта жүру ережелеріне қатысты ақпарат ұсынады.

